Басты бет

БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Біз бұл мәселенің ортопедиялық қырына тоқталсақ, қазір шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилерге «ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы» деген диагноз көп қойылатын болды. Негізі дисплазияның түрлері өте көп. Мамандардың айтуынша, ұршық басы дисплазиясы нәресте ананың жатырында жатқан кезінде сүйектері мен жіліктерінің дұрыс дамымауынан пайда болады. Бұған тұқымқуалаушылық, анасының жүкті кезінде түрлі сырқаттармен ауыруы, сәбидің ірі болуы, экологиялық жағдай, дұрыс тамақтанбау – осының бәрі (құрсақта 400-ден аса фактор) әсер етеді. Дертті дер кезінде емдемесе, бала аяғының кемістігіне, бір аяғының екіншісінен қысқа болуына әкеліп соғады.

 

Мұны емдеу үшін ортопед дәрігерлер нәрестенің буындарын сылап-сипап, физиотерапия жасап, емдік үзеңгі кигізеді. Бұл жерде ата-аналар да нәресте дүниеге келген соң, оның буындарына арнайы массаж жасап, қимылдатып отыруы керек. Бұрын ақ жаулықты әжелеріміз нәресте дүниеге келгеннен бастап, бесікте ұйықтап тұрған сайын «сәбидің жауырыны жабысып қалмасын, қозғалыста болсын» деп үнемі аяқ-қолдарын тартып, сылап-сипап отыратын. Қазіргі ата-аналар бұған аса мән бермейді. Ал балалардың туа біткен және жүре келе пайда болған ауруларының 5\7 пайызын тірек-қозғалыс аппараттарының бұзылулары құрайды. Тірек-қозғалыс аппаратының бұзылу функциясы туылғанда және жүре пайда болуы мүмкін. Осы ретте біз Жамбыл облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің хирургиялық жұмыстар бойынша орынбасары Азат Сатжановтың пікірін білген едік.

– Республикамызда педиатрия факультеттерінің жабылуы салдарынан балалар травматологы, ортопедтердің жетіспеушілігі қатты байқалды. Мәселен, біздің өңірде бұл қызметтерді балалар хирургі, отбасылық дәрігерлер атқаруда. Министрлік алдағы уақытта педиатрияны қайта ашуды жоспарлап отыр. Ал енді басты мәселеге тоқталсам, жас балалардың сүйегінде органикалық заттар, ересек адамда минерал заттары көбірек болады. Ата-ана 1 айлық баласын ортопедке көрсетіп, денесіндегі дисплазиялық жағдайды тексертуі қажет. Егер бала денесінің симметрияларында өзгерістер болса, дереу ультрасонографияға (УЗИ) түсіріледі. Ескерте кетерлік жайт, бала 4 айдан асқанда ғана рентген арқылы қаралады. 3 айда бала мойнын ұстай алады. Бұл кезде баланың мойын омыртқалары, бұлшық еттерінің гипертонусы бақыланады. Ал 6 айында бала өздігімен отыра алады. Ол кезде бел, арқа омыртқалары тексеріледі. 1 жаста, яғни бала жүре бастағанда, ортопед мамандар оның аяғына мән береді. Яғни майтабан (плоскостопие) белгілері осы сәттен бастап байқала бастайды. Ата-аналар, ұстаздар бала мектепке барған кезде де оларды бақылап отыруы керек. Мектеп жасындағы балалардың екі иығы мен белінің ортасы симметрияға сай ма, иықтары, қолдары тең қалыпта ма, соны бақылаған жөн. Мәселен, мектеп жасында ұстаздар «түзу отыр, әйтпесе бүкір боласың» деп ұрысатын еді ғой. Ол мәселе ескертумен шектелмейді. Себебі мектеп партасында қисайып отырып, ұстазынан ескерту алған баланың ағзасы сол уақытта патологияға бейім болып тұрады. Неге бала өздігінен тік отырмайды? Өйткені омыртқасындағы бұлшық еттер тез шаршайды. Ауыр сөмке көтереді. Ал 3 келіден асқан салмақ омыртқаға зиян. Және бала физикалық тұрғыда да шаршайды. Осыдан келе, індет жүре пайда болады. Жалпы ортопедиялық аурулардың ең қауіптісі сколиоз деп аталады. Оны медицинада «ортопедия обыры» деп те жүр. Сколиозбен көбіне (80 пайыз) қыз балалар ауырады. Ал бұл дерттің науқасқа психологиялық, косметикалық тұрғыда ғана зардабын тигізіп қоймай, өмірлік маңызы бар басқа ағза мүшелерінің жұмысын бұзады. Уақытылы емделіп, арнайы жаттығулар, скринингтер жасалса, дертті ауыздықтауға болады. Мұндай жағдайда кейбір ортопед мамандар науқасқа корсет киюге кеңес береді. Бірақ кәдімгі корсеттер сколиозды емдемейді. Ол тек омыртқаға түскен жүкті жеңілдетеді. Және оны 1 жарым, 2 сағаттан артық тағуға болмайды. Себебі ондай корсетті киген кезде омыртқа бұлшық еттері мен буындары жұмыс жасамайды. Бұл ретте мен XX ғасырдың 70-жылдары француздық әскери дәрігер Жан Жак Шено ойлап тапқан «Шено» корсетін тағуға кеңес беремін. Мұның емдік нәтижесі әлемге мойындалған. Омыртқаның жұмысын жақсартады. Бұдан бөлек, аурудың түріне қарай хирургиялық жолдар даму үстінде. Мәселен, жеңіл ота жасау арқылы орнатылған құрылғы бала өскен сайын ағзамен бірге өсіп отырады. Ал амортизациялық жүйенің бұзылуына байланысты майтабан (плоскостопие) дертінің хирургиялық жолдары да шешілуде. Негізінен аталған індеттің бұл түрі 5-6 жаста белсенді бола бастайды, – дейді Азат Бекенұлы. Сондай-ақ білікті маманның айтуынша, қазіргі таңда ультрадыбыстық скринингтер арқылы аталған дертті құрсақта жатқан шақалақтан да анықтауға болады екен.

– Республика бойынша шетелдік мамандарды жиі шақыртып, жас мамандарымыз тәжірибе алмасып отырады. Көрсеткіштеріміз, нәтижелеріміз жақсы. Бұрын Астана мен Алматыда жасалатын емдік ота түрлері биылдан бастап өзімізде жасалуда. Бұл – үлкен жетістік. Жыл басынан бері торакопластика бойынша 12, сколиоз бойынша 2 ота жасалды. Келесі жылы бұл жоспарлардың санын да, сапасын да ұлғайтамыз. Тек қаражат мәселесі шешілсе болды. Ортопедтердің басты кредосы – балаға зиян тигізбеу. Өсіп келе жатқан ағза өте нәзік, – дейді Азат Бекенұлы.

Облыстық балалар ауруханасында бүгінде ортопедиялық аурулар бойынша бірқатар маңызды жобалар жоспарлануда. Мәселен, өңірде есепте тұрған 3 «шыны баланың» біреуіне биыл ота жасалып, сүйектің ішіне темір қондырғы орнатылған болатын. Енді қалған екеуін бифосфонатты терапия арқылы емдеу жоспарланып отыр екен. Яғни жергілікті мамандар жылына 100-150 рет сынатын баланың дене сүйектерін қажетті дәрілер арқылы емдеп, сүйектің беріктігін арттырмақ.

 

Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close